Ауданымыздың 90 жылдық мерейтойы аясында білім мен ғылым апталығы бастау алып, Ұйғыр ауданында «Білімді ұрпақ – кемел келешектің кепілі» атты кең ауқымды форум өтті. Шараның мақсаты – ауданнан шыққан ғалымдарды дәріптеу, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беру және білім саласындағы үздік тәжірибелерді насихаттау. Форум модераторы, аудандық білім бөлімінің басшысы Құрманалиева Мөлдір Ахметжанқызының жүргізуімен басталған жиында ЖИ көмегімен дайындалған білім саласының жетістіктері таныстырылды. Аудан әкімі Бота Серікқызы Елеусізова құттықтау сөзінде ұстаздардың ел дамуындағы маңызды рөлін атап өтіп, білім саласының өркендеуіне тілектестік білдірді.

Форумға еліміздің және шетелдің жетекші ғылыми орталықтарында еңбек етіп жүрген 20-дан астам ғалымдар мен PhD докторлар қатысып, білім мен ғылымның өзекті бағыттары бойынша ой бөлісті. Олардың қатарында педагогика, физика-математика, филология және ветеринария саласының таңдаулы ғалымдары бар. Шетелде білім алып жүрген жастардың бейнеқұттықтаулары көрсетіліп, Қазақстанда оқып жатқан түлектер ZOOM арқылы тікелей қосылды. Бұл басқосу жас ұрпаққа мотивация беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан маңызды алаңға айналды. Форум «Туған жерге туыңды тік» ұстанымын негізге ала отырып, ауданымыздың 90 жылдығындағы айтулы іс-шара ретінде тарихта қалды.

Ссылка: https://instagram.com/p/DRKDWhUiFUd