Бір айдан бергі ауылдық округтерде өтіп келе жатқан ауыл, аудан әкімдерінің жылдық есеп беру жиындары апта басында Шонжы ауылындағы мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мәдениет үйінің көрермендер залы аудандағы бөлім, мекеме және қоғамдық ұйымдар басшылары, ауылдық округтегі шаруа қожалықтарының төрағалары, жеке кәсіпкерлер және ауыл жастары мен тұрғындарыналық толы болды. Ауыл, аудан әкімдерінің жиынын аудандық жастар ресурсы орталығының меңгерушісі Нұрсұлтан Болатұлы жүргізіп отырды. Жиын барысында алғашқы сөз Шонжы ауылдық округінің әкімі Адилжан Қурбаниязовқа берілді.

Шешен өз баяндамасында, өткен 2019 жыл Шонжы ауылы үшін табысты жыл болды,-дей келе, аудан орталығы Шонжы ауылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мен Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда облыс, аудан басшыларының қолдауымен бірқатар жұмыстар атқарылғандығын атады. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсарып, көптеген мәселелер шешімін тапты. Салық түсімі ұлғайып, ауылдың бюджеті өсті. Ауылшаруашылығы саласындағы жетістік ауыз толтырып айтарлықтай жағдайға жетті-дей келе, ауылдың әлеуметтік-экономикалық саласындағы барлық жағдайды егжей-тегжейлі толық баяндады.

Ауыл әкімі А. Қурбаниязов 2019 жылға ауылдық округ бюджетінің кірістері 399 млн 698 мың теңгеге жетіп,салық түсімдері 103 млн 043 мың теңгені құрағандығын атады. Оның ішінде ағымдағы нысаналы трансферттер 64 млн 606 мың теңге, субвенция көлемі 232 млн 049 мың теңгеге жеткендігін,ал енді 2019 жылы ауылдық округ бюджетінің нақтыланған шығындары 429 млн 173 мың теңгеге жеткендігін тілге тиек етті. Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы Министрлігінің ет бағытында мал шаруашылығын дамытуға байланысты 2018-2027 жылдарға арналған бағдарламасын орындау бойынша асыл тұқымды бұқаларды түрлендіруге қатыстыруға 17 бас бұқа сатып алынса,экспортқа 31 бас бұқашық ет өткізу бағытында өткізілгендігін атады.

Тұрғын үй мәселесі бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы 4150,3 шаршы метр тұрғын үй құрылысы салынғандығын атап,Шонжы ауылдық округі бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер иеленуге өтініш білдіріп, кезектілікте тұрған азаматтардың тізімдері аудан әкімдігінің ресми интернет ресурсының «Электронды кезек» тізіліміне енгізілгендігін айта келе,бүгінгі күнде барлық коммуникациялар тартылған 174 га жерде 667 азаматқа тұрғын үй салу үшін жер телімдері пайдалануға берілгендігін мәлімдеді. Бұл жерде айта кететін бір жайт,аталмыш жерлер 2 жылға жалдамалы құқық ретінде берілгендігін ескерсек, тезірек құрылыс жұмыстарын бастауды өтінген болар едік,-деді ауыл әкімі.

Автомобиль жолдары бойынша ауылдық округтің коммуналдық меншігінде барлығы 133 км автомобиль жолдары бар екендігін атай келе, оның ішінде: 68,2 км асфальтты, 54,2 км қиыршық тасты және 10,8 км топырақты жолдар екендігін саралай келе, 2018 жылы аудандық бюджеттен 391 млн 888 теңге бөлініп, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына жоспар жасалғандығын атады. Жоспарланған қаражаттың 98 млн 648999 теңгесі 2018 жылда игерілген болса, 2019 жылы 172,416 мың теңгесі 2019 жылы толық игерілді-деді ауыл әкімі. Атап айтқанда: Искандеров көшесі- 2,4 км; Кадыров көшесі -2,2км;Аппазов көшесі -0,57 км;Назугум көшесі- 0,68 км;Н.Асан көшесі- 0,56 км;З.Минамов көшесі-0,8 км;Ә.Талқанбаев көшесі-0,26 км; Тохнияз батур көшесі-1,65 км, Құдайбергенов көшесі -1,2 км жөндеуден өтіп, 2019 жылға бөлінген қаражат толығымен игерілгендігін атап өтті.

Ауылдың барлық саласын қамтыған баяндамадан соң залдан ауыл әкіміне сұрақ қоюшылар арасынан Роллан Қайратов деген азамат: - Нұрлы көшесіне қашан ресми электр қуаты беріледі? деген сауалға ауыл әкімі.Бұл мәселе 2021 жылы қолға алынады-десе, тағы осы көшенің тұрғыны Айгүл Құрманбаева : -Нұрлы көшесіндегі жоғарғы қуаттағы электр бағаналарын алуға мүмкіндік бар ма? деген сауалға оны қазір қыс көзі қырауда алу мүмкін емес, көктемнен тартып арнайы аудандық электр торабы мекемесімен келісе отырып жұмыс жүргіземіз,-деді ауыл әкімі. Сондай-ақ жиын барысында осы электр жарығы туралы екі-үш адам көшелердегі жарықтың түнгі мезгілде тұрақты жанбайтындығы жөнінде сауалдар қойды? Оған ауыл әкімі А.Қурбаниязов соңғы кездері Шонжы ауылындағы көшелердің кешкілік кездерде тұрақты жануында өзекті мәселелер бар, ол жөнінде жақсы білеміз, қазір, сол үшін алдағы жылы арнайы мамандармен келісе отырып, ауылдағы барлық көше жарығына күш түспес үшін арнайы әр мөлтек ауылдарға арнайы трансформаторлар қоюды жоспарлап сол арқылы арнайы құрылғыларды орнатпақпыз,сол кезде бұл мәселе шешімін табады,- деді ауыл әкімі.

Ауыл әкімінің баяндамасы аяқталған соң, мінбеге аудан әкімі Шухрат Нурахунов шығып, ауданның 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2020 жылдың жоспарлары туралы ауыл тұрғындарына егжей-тегжейлі толық баяндады. Әрине, аудан орталығы Шонжы ауылында бірінші кезекте барлық мүмкіндіктердің толық жұмыс істеуіне жағдай жасауға тырысамыз.

Шонжы ауылының кәріз жүйесін күрделі жөндеуден өткізуге қосымша құрылыстарын аяқтау үшін 49, 7 млн. теңге қаражат бөлініп, жалпы 5,1 шақырым жаңа кәріз жүйесі салынып, ақау актісі бойынша 15,605 шақырым бұрынғы кәріз жүйесі тазартылып, 74 қақпақтар мен қақпақшалар орнатылса, ауылға газ жүйесі толық кіріп,бұл айтулы жаңалық біз үшін көптен күткен қуаныш болды,-деді аудан басшысы. Бүгінгі күнде Шонжы ауылында 320 абонент газ жүйесіне қосылды. Газ жүйесіне қосылу үшін 105 азамат кезекте тұрғандығын жеткізген,- аудан әкімі бұл жұмыстардағы ұсақ-түйек кемшіліктерге тоқталды. Ауыл халқы газ жүйесіне қосылу бағасының қымбаттығы жөнінде өзіне қойған сауалға аудан басшысы бұл жөнінде мемлекеттен қаржы бөлінбегендігін айтып, әрбір ауыл халқының бірден төлеуге қаржысы жоқ екендігі жөнінде арнайы мекеме басшыларымен сөйлесіп, ең болмағанда бөліп төлеу мерзімін ұзартуға мүмкіндік жасауға өтініш білдіретінін жеткізді.

Дауренбеков Ноғайбек- аудандық мәслихат депутаты: Шонжы ауылында болып жатқан жаңалықтарға барлығымыз куәміз, жолдарға асфальт төселіп, Шонжыға сән берілуде. Бірақ, осы жол сапасына мән берілсе дегіміз келеді. Ал енді аудан әкімі мен ауылдық округі әкімінің берген есептерін қанағаттанарлық деп есептеймін ,-десе, Дуганова Ниязбүби -Шонжы ауылдық округінің қоғамдық қауымдастық мүшесі: Әкімдердің берген есебіне қанағаттанарлық деп баға беріп, тұрғындарға сын айтқысы келетіндігін айтты. Шонжыда жыл сайын заңсыз төгілген күл-қоқысты шығаруға миллиондаған қаражат бөлінеді. Тұрғындар санасы ұлғайып, күл-қоқысты көрінген жерге төкпесе қаншама ақша үнемделетін еді-дегенді айтып, көп қабатты үйлер айналасындағы қоқыс туралы, балалар алаңында бейне бақылау камераларын орнату қажеттігі туралы айтты.

Сол күнгі ауыл, аудан әкімінің жылдық есеп беру жиынына облыстық мәслихаттың депутаты Ызғарбек Бектұрсынов, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрәкім Есжан және Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай қатысып отырды.

Жұман МАТАЙ